![]()
Әлеуметтік желілерде Вьетнамда демалған қазақстандық турист әйелдің бейнежазбасы қызу талқылануда. Ол өзінің бұл елге жасаған сапарынан алған аса жағымды емес әсерімен бөлісті.
Не болды
Айтуынша, ол анасымен және қызымен бірге бұл елге алғаш рет сапар шегуді ұйғарып, халықаралық желіге кіретін қонақүйден ultra all inclusive жүйесімен тур сатып алған. Алайда шындық күткенінен мүлде басқа болып шыққан.
«Вьетнамдық ultra all inclusive — бұл, әрине, бөлек өнер түрі. Мен алғаш рет анам мен қызыммен Вьетнамға баруға шешім қабылдап, турды өзім толық төледім. Туроператор мені танымал қонақүйге жіберді. Бұл әлемдік желі, әдетте бәрі жоғары деңгейде болады деп ойладым. Бірақ тіпті бір бөтелке судың өзі — бөлек оқиға болып шықты», — деді видеожазбаның авторы.
Оның айтуынша, қонақүйде ultra all inclusive деген аты болғанымен, тамақ пен сусындар қатал шектеумен берілген.
«Тіпті жай ғана бөтелкедегі су сұрасаң да, бермейді. Тек стақанмен. Теңіз жағасында су ішу үшін 50–100 метр жердегі барға барып, екі стақан су алып, оны қайта құм арқылы тасу керек. Қайта шөлдесең — сол жолды тағы қайталайсың. Әр стақан үшін міндетті түрде қол қою керек: бөлме нөмірін жазып, қолтаңба қою. Бұл әр жолы осылай болды», — деп наразылығын білдірді турист.
Айтуынша, бөлмеде тіпті мини-бар болмаған, ал күніне бар болғаны үшеуіне 0,5 литрлік 8 бөтелке су ғана тегін берілген.
«Ауа райы ыстық, балаға қоспа дайындау керек, анам шай ішкенді ұнатады — сондықтан біз бұл лимиттен шығып кеттік. Ал одан кейін — әр бөтелке үшін 2 доллар. Бұл шамамен мың теңге. Жәй ғана су үшін. Оның үстіне бөлмеге әкелінген бөтелкелердің қақпақтары жабылмаған. Бізге бұл экология үшін деп түсіндірді — яғни бөтелкелерді зарарсыздандырып, қайта қолданады екен. Бірақ, шыны керек, сенім тудырмайды», — деп бөлісті ол.
Соған қарамастан, автор сапардың «жақсы жақтары да болғанын» атап өтті.